«Наурыз – көктем мерекесі!»

Колледжде ұлттық мерекені ұлықтау арқылы студенттердің бойына ұлттық рухты сіңіру, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, ұлттық сана-сезімдерін ояту, жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш ұялату мақсатында «Наурыз – көктем мерекесі!»  тақырыбында колледж  қызметкерлері мен студенттеріне арналған сахналандырылған концерттік бағдарлама өтті.

Колледж қызметкерлері қазақ халқының дәуірлер бойы сақталған салт-дәстүрлерінен қойылым көрсетті. Күн мен түннің теңесуі кезіне дәл келетін мерекеде  құда түсу, қыз ұзату, тұсау кесу рәсімдерін өткізу келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалары хақ. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп дана халқымыз  әрқашан тілегін тілеп, берілген батаға ерекше ден қойған.  Баталардың ішінде Ұлыстың ұлы күнінде айтылатын бата ең үлкен бата деп есептелген. Бұл бағдарламада да қадірлі қариялар бата беріп,  ізгі ниеттерін айтты. Гүлдену мен молшылықты бейнелейтін ұлттық тағамдар қойылған дастархан жайылды. Кеште әсем әндер, ұлттық билер мен күмбірлеген күйлер орындалып, көрерменге мерекелік көңіл – күй тарту етті. Наурыз мерекесі өте сәтті өткенін атап айту керек: көңілді және қуанышты көңіл-күй ешкімді бей-жай қалдырмады, мерекенің әрбір қатысушысының рухында көктемді оятты. Мерекелік шара өте көңілді әрі қызықты өтті!

      Мына келіп отырған ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесі баршаңызға құтты болсын! Елімізге бақыт әкелсін, тыныштық болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әрбір жылымыз жақсылыққа толы болып, өркендеп өсе берейік.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған